//

Қазақстанда әйелдер контрацепцияның қандай әдістерін қолданады және өз денсаулықтарын қалай бағалайды: зерттеу нәтижелері.

Читать на русском

Әйелдер жаратылысы мен қоғамдағы ерекшеліктеріне қарай өздерінен гөрі өзгелерге қамқорлық жасауға бейім. Осы себепті олар денсаулықты басқа құндылықтардан төмен орынға қояды және өздерін күтуге үнемі “уақыттары жетпейді”. Бұған Гедеон Рихтер (Қазақстан) фармацевтикалық компаниясының қолдауымен өткен “Kazakhstan Women’s Health” жобасы аясындағы “Қазақстан әйелдерінің өз денсаулығына көзқарасы” зерттеуінің деректері дәлел бола алады. Сауалнамаға қатысқандардың 54%-ы гинекологқа мүлдем бармайды немесе сирек барады. Әйелдер жылына бір рет, ал қырық жастан асқан әйелдер әр алты ай сайын дәрігерлердің тексеруінен (check up) өтулері тиіс. Қазақстан қыз-келіншектерінің көпшілігі сырт келбетін күтуге, сұлулығын және жастығын ұзартуға уақыт табады, бірақ ең маңызды нәрсеге – өз денсаулығын күтуге уақыт таппайды. 

Қазақстанда әйелдер денсаулықтарын жақсы деп санайды ма? 

Сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбі өздерінің денсаулығында еш кінәрат жоқ деп санайды, 39%-ы денсаулыққа байланысты кейбір проблемаларының бар екенін және 2%-ы дерттерге шалдыққандарын атап өтті. Сауалнама нәтижелері бойынша тұрмысқа шықпаған әйелдер отбасылы әйелдерге қарағанда өздерін әлдеқайда саумыз деп санайды. Сауалнамаға қатысқандардың барлығы дерлік “Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде, аурудың алдын ал” деген тұжырыммен келісті. Неліктен көп әйелдер гинекологқа бармайды?

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, бұған олардың денсаулыққа байланысты шағымдарының болмауы, медициналық талдаулар бағасының қымбаттауы, білікті дәрігерлердің тапшылығы және «бойымнан қандай болмасын ауру табылып қалар» деген үрей себеп болып табылады. Сарапшылар бұл себептердің бірде-бірін ақылға қонымды деп санамайды, өйткені көптеген әйел ауруларының симптомдары бастапқы кезеңдерде мүлдем байқалмайды. Профилактикалық қабылдауда болу уақыты 45 минуттан аспайды және кейбір талдаулар әлі де болса тегін. Қалай болғанда да, дәрігерлердің айтуынша, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу қажет, ал әдеттегі check up – сізді ешқандай шығынға батырмайды, керісінше жүйкеңіз де, қаржыңыз да орнында қалады. 

Негізінен гинекологқа мүлдем бармайтындар – 18-25 жастағы қыз-келіншектер. Бұл қуантарлық жағдай емес, өйткені дәл осы кезеңде қыздар жыныстық жағынан жетіліп, денінің саулығынан гөрі дене сымбатына, мүсініне көбірек алаңдайды, көбінің тұрақты жұбы да болмайды. Олар өздерінің сезімдерін билеуді әлі үйренген жоқ, сондықтан кездейсоқ жыныстық қатынастан қорғану туралы хабарлары тым аз. Олай болса, жас әйелдердің гинекологтың алдына баруы олардың басымдыққа ие міндеттерінің бірі болуы тиіс.

Сонымен қатар қарапайым жұмысшы кәсіптерін меңгерген әйелдер гинекологқа аз барады екен. Ал керісінше материалдық жағдайлары жоғары, екі немесе одан да көп жоғары білімі бар әйелдер дәрігерге бару әдетіне жауапкершілікпен қарайды.  

Сұрақтарға жауап бергендердің 60%-ы әдетте кеңес алу үшін мемлекеттік емхананы таңдайды. 

Қазақстан әйелдері өзін-өзі емдеумен айналысады ма? 

Респонденттердің 71%-ы өздерін өздері емдеп алатындарын айтты. Уақытында дұрыс диагноз қойылмаған аурулар, әйел денсаулығына байланысты проблемалар көбінесе асқынуға, созылмалы дерттерге, соның ішінде бедеулік және онкологияға алып келеді. Контрацепцияның сенімсіз әдістерін қолдану салдарынан жоспарланбаған жүктілік пен түсіктердің қаупі артып келеді. Ең алдымен, емдеудің ең тиімсіз әдісі – өзін-өзі емдеу, бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды. Сарапшылар нәзік жандыларға өз денсаулықтарын тек тәжірибелі дәрігердің бақылауымен оңалтуды ұсынады. 

Бұл зерттеудің екінші қорқынышты қорытындысы — аурудың алғашқы белгілері пайда болғаннан кейінгі көптеген әйелдерге тән нәрсе «күту», «әліптің артын бағу» болып табылады. Айталық, сауалнамаға қатысқандардың 66%-ы гинекологқа бармас бұрын біраз уақыт күтеді. Биылғы және алдыңғы жылғы сауалнама деректерін салыстырғанда жағдайдың жақсы жаққа өзгермегенін көріп тұрмыз. 

Өздерін өздері емдейтін әйелдер пайызының өте жоғары болуы профилактикалық тексерулердің маңыздылығы туралы хабардарлықты арттыруға, қажет болған жағдайда, маманға баруға, тұқым қуалайтын ауруларға бейімділік бойынша кеңес алуға және жеке денсаулық ерекшеліктерін жүйелі бақылауға айтарлықтай түрткі болып табылады. Денсаулық сақтауды мемлекеттік деңгейде де, жеке медициналық орталықтар деңгейінде де насихаттау қажет. Сонымен қатар компаниялар өз персоналының, университеттер өз студенттерінің денсаулығын қадағалап, ірі бизнес PR-науқандарды жүргізуге қаражат бөлулері тиіс. Айта кететін жайт, бүгінде компаниялар әйелдердің назарын өз денсаулықтарына көңіл бөлуге бұрудың маңыздылығын ойластырып, олар үшін ағарту жобаларын әзірлеуді қолға алуда. “Әйел денсаулығына қамқорлық” – осындай әлеуметтік жобаның бірі, оны ұйымдастырушылар қазақстандық әйелдердің өз денсаулығына мұқият болу, күтіну мәдениетін және маманға үнемі бару әдетін қалыптастыруды мақсат тұтады.

Егер деректер динамикасын талдайтын болсақ, өткен жылы гинекологтарға барып тұратын әйелдердің саны (жылына кемінде 1 рет) 14,4%-ға өскен. Байқалған оң үрдіс осындай бағдарламалардың әйелдерге керек екенін және олардың денсаулыққа деген саналы көзқарасын дамытуға септігін тигізетінін дәлелдейді.

Сондай-ақ жастар арасында өз денсаулығына, әсіресе жүктілікті жоспарлау мәселелеріне жауапкершілікпен қарайтындар көбейіп келе жатқанын байқауға болады. 18-25 жастағы қыз-келіншектер орта жастағы әйелдерге қарағанда тұқым қуалайтын белгілі бір ауруларға бейімділікті талқылау және отбасында толықтыруды жоспарлау мәселелері бойынша ақпарат алу үшін дәрігерлерге көп жүгінеді екен. 

Неліктен Қазақстанда әрбір 6-шы жүктілік абортпен аяқталады? 

Аборт әйелдердің физиологиялық және психикалық-эмоциялық көңіл күйіне теріс әсер етеді. Дегенмен біздің елде жүктілікті үзу деңгейі әлі де тым жоғары. Зерттеу әрбір 6-шы жүктіліктің түсік түсірумен аяқталу себептерін анықтады – олардың барлығы да контрацепция әдістеріне келіп тіреледі. 

Сауалнамаға қатысқандардың 34%-ы контрацепцияның ешбір әдісін қолданбайды, 30%-ы презервативті таңдайды, ал 19%-ы жыныстық қатынасты үзгенді жөн көреді, алайда бұл –күтпеген жүктілікке жол бермеудің ең сенімсіз әдісі әрі денсаулыққа да кесірін тигізеді. 

Гормондық контрацепцияны респонденттердің 11%-ы пайдаланатын болып шықты. Олар көбінесе 36-45 жас аралығындағы әйелдер болып табылады және олар гинекологты 3 жылда 1 рет көреді. Бұл әдісті елемеу себептерінің бірі – оның тиімділігі туралы ақпарат жеткіліксіз және әйелдер стереотиптерге сенгіш (84%). Сонымен, сауалнамаға қатысқандардың 75%-ы гормондық контрацептивтерді ұзақ қабылдауға болмайтынын біледі, респонденттердің 55%-ы гормондардан салмақ көбейеді деп ойлайды, ал 47%-ы гормондарды ұзақ уақыт қолдану болашақта жүктілікті жоспарлауға теріс әсерін тигізуі мүмкін деп санайды. Бұл ретте медицина қызметкерлері дұрыс таңдалған контрацептивтердің қысқа мерзімді немесе ұзақ мерзімді перспективада зияны болмайтынын, жүктіліктен қорғануда презерватив немесе үзілген жыныстық қатынасқа қарағанда сенімдірек екенін мәлімдейді. 

Зерттеу нәтижелері бойынша респонденттердің 32%-на гинеколог-дәрігерлер гормондық контрацептивтерді қолдану, 17%-на басқа әдістерді қолдану туралы кеңестер берген. Қажет болса, контрацепция әдістері туралы ақпарат алу үшін әйелдердің 46%-ы дәрігерге барады, ал 48%-ы бұл мәселені өз бетінше шешеді. Сондықтан 29%-ы дәрігерлерден контрацепцияның қандай да бір әдістері туралы кеңес алып көрмеген. 

Әйелдер шұғыл контрацепция туралы не біледі? 

Жыныстық қатынастан кейін қажетсіз жүктіліктің алдын алудың заманауи әдістерінің бірі шұғыл контрацепция болып табылады. Сауалнама көрсеткендей, ол туралы жауап бергендердің тек 45%-ы ғана хабардар. Олар көбінесе жас әйелдер болып табылады. 

Сауалнамаға сүйенсек, респонденттердің 20%-ы көбінесе қорғалмаған жыныстық қатынасқа түскенде немесе дұрыс пайдаланылмаған контрацепцияға байланысты шұғыл контрацепция әдісіне жүгінуге мәжбүр болған.

Зерттеу аясында әйелдердің түсікке деген көзқарасы сұралғанда, олардың 51%-ы түсік жасауды құптамайтыны белгілі болды. Респонденттердің жартысы жүктілікті тоқтату тәжірибесін бастан өткергісі келмесе де, оның алдын алу үшін ешқандай әрекет жасауға тырыспайды, күш-жігерін салмайды. 

Қорытындылай келе, Қазақстандағы түсік жасау проблемасы отбасын жоспарлау қызметінің сапасын жақсарту, сондай-ақ медициналық көмектің баршаға қолжетімді болуын жақсарту арқылы шешілетін процесс екенін атап өткен жөн. Сонымен бірге әртүрлі деңгейде (мектептер, университеттер, емханалар, әлеуметтік желілер және т.б.) контрацепция туралы ағартушылық жұмыс жүргізудің маңызы зор. Тек кешенді тәсілдеменің арқасында ғана әйелдердің денсаулығына қамқорлық жасау мәдениетінің деңгейін арттыруға болады. Жалпы қыз-келіншектердің өз денсаулығына деген жауаптылығы баяу қарқынмен болса да, жылдан жылға артып келеді.  Медициналық мекемелер, фармацевтикалық компаниялар және қазақстандық бизнес профилактикалық check Up және контрацепцияның сенімді әдістерін танымалдандыру қозғалысына неғұрлым жауаптылықпен көбірек атсалысатын болса, аборт және әйелдерде кездесетін қиындықтар статистикасы соғұрлым жақсы бағытта өзгеретін болады.  

Зерттеу әдіснамасы:

Әлеуметтанушылық зерттеуді 4Service™ халықаралық зерттеушілер холдингі жүргізді. Еліміздің 17 облыс орталығында 18-45 жас аралығындағы барлығы 814 әйелден сұхбат алынды. Зерттеу онлайн сауалнама әдісімен жүргізілді. Далалық кезең 2022 жылғы 9-22 тамызы аралығында жалғасын тапты. Іріктеменің статистикалық дәлсіздігі (0,95% ықтималдықпен) +-3,43%-дан аспайды.

Оригинал статьи находится на ресурсе по ссылке

Комментарии

ellipse
[cf7-form cf7key="exit-form"]